Көптісті жертесер () – жертесертәрізділер отряды, жертесерлер тұқымдасына жататын кішкентай аң.
Оңтүстік Еуропада, Арабия түбегінде, Орталық Азияда, Үндістанда, Малай архипелагында, Шығыс және Оңтүстік Африкада тараған. Қазақстанда Үстіртте және Арал теңізінің солтүстігінде кездеседі.
Дене тұрқы 3,5 – 4,5 см (басы мен құйрығын қосып есептегенде). Бас сүйегінің ұзындығы 10 – 13 мм, салмағы орта есеппен 1,5 г-дай. Негізінен тіршілігі түнде белсенді. Әр түрлі омыртқасыздармен (жәндіктермен, олардың дернәсілімен, жауын құртымен, т.б.), сондай-ақ ұсақ омыртқалылармен (бақалармен, кесірткелермен, тышқандармен) қоректенеді. Тәуліктік қорегінің мөлшері өз салмағынан 1,5 – 2 есеге артық болады. Арнайы ін қазбайды, басқа кемірушілердің бос інін пайдаланады. Оңт. аймақтарда жыл бойына бірнеше рет көбейеді. Әр жолы 2 – 5-тен балалайды, алғашқы кезде балалары әлсіз, соқыр болады. Бірақ тез өседі, 3 – 4 аптада балалары ересек аңға айналады. К. ж-дің жылдан-жылға таралу аймағының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Статусы III-шы санат. Сирек кездесетін, зерттелмеген түр; Қазақстан оның таралуының шет аймағы.
Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы Жер бетінде белгілі сүтқоректілердің ішіндегі ең кішісі. Қазақстандағы туысының жалғыз өкілі.
Таралуы Оңтүстік Еуропа, Аравия, Закавказье, Иран, Орта Азия, Үндістан, Шри-Ланка, Тайвань, Малай архипелагі, Филиппин, Шығыс және Оңтүстік Африка. Қазақстанда бұл жертесердің сүйегі жыртқыш құстардың қиынан ғана екі жерден табылған: Үстірттің солтүстік биік шыңынан және Арал теңізінің солтүстік жағалауынан.
Мекендейтін жерлері Таулы жерлердің төменгі етегінде және төменгі белдеуінде мекендейді. Өзендермен көлдер жағаларындағы тоғайларда, бау-бақшалар, егістік жерлердің етегінде кездеседі. Басқа жертесерлер сияқты ін қазуға нашар бейімделген; табиғатта өздерінің ұяларын әртүрлі табиғи қуыстарда, ескі індерде салады. Көбіне ылғалды жерлерді мекендеуді ұнатады.
Саны Белгісіз, сирек кездесетін аң.
Негізгі шектеуші факторлар Зерттелмеген. Адамның шаруашылық қызметтерінің әсерінен мекендейтін жерлерінің бұзылуы, құрғақшылық жылдары азықтарының аздығынан өлім-жітімге ұшырауы, жұт жылдары көп қырылуы оның санының азаюына әсер ететін факторлар.
Биологиялық ерекшеліктері Тіршілігі түнде өтеді. Әртүрлі омыртқасыз жәндіктермен (насекомдар, олардың дернәсілдері, жаңбыр құрттары және т.б.) қоректенеді. Сондай-ақ азықтарында ұсақ омыртқалы жануарларда (бақалар, кесірткелер, кеміргіштердің балалары) кездесіп қалады. Азығының тәуліктік қоры аңның өз салмағынан 1.5-2 есе көп болады. Таралуының оңтүстік бөлігінде бүкіл жыл бойы көбеюі мүмкін. Әр аналық 2-5-тен өсім береді. Әлсіз, соқыр туған балалары тез өсіп, 3-4 жетіде өзінше тіршілік етуге көшеді.
Қабылданған қорғау шаралары Үстірт қорығында қорғалады.
Қорғауды керек ететін шаралар Жергілікті жұртшылық арасында бұл аңды қорғау жөнінде үгіт – насихат жұмыстарын жүргізу қажет.
Зерттеу жөніндегі ұсыныстар Қазақстанда бұл аңның таралуын және санын анықтап, экологиясын зерттеу керек.
Дереккөздер
Санат:Жертесертәрізділер Санат:Еуразия сүтқоректілері Санат:Африка сүтқоректілері Санат:Көптістілер Санат:1822 жылы зерттелген жануарлар