Жұмақ шыбыншы () – торғайтәрізділер отрядына жататын құс. Жұмақ шыбыншы Қытай, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі жалпақ жапырақты ормандарды мекендейді. Қазақстанда Батыс Тянь-Шань мен Қаратаудың жалпақ жапырақты ормандарында кездеседі. Бұл құстың атына сай – түсі ашық, көк түсті құлпырған қара жалтыраған басын үнемі тік тұратын айдары тәждейді. Құрсағы ақ, денесінің қалған жері ашық сары түсті. Салмағы 19 – 22 г, бірақ ұзын құйрығының арқасында (дене тұрқы 32 см) өз пішінінен үлкен болып көрінеді. Ол бұтақтан ұшқан кезде, от тұтанғандай болады. Жыл құсы. Ұясын өзен жағалауына, жапырақты ағаштың салбырап тұрған жіңішке сабағына салады. Ұясы терең тостаған сияқты, қабырғасы бұтақпен өрілген, ондағы 4 – 5 қызғылт жұмыртқаларын аналығы мен аталығы 12 – 13 күнде басып шығарады. Балапандарын осынша уақыт ұяда асырайды. Жұмақ шыбыншы ұшып жүрген жәндіктермен, көбіне өздері сияқты әдемі көбелектермен қоректенеді."Қазақ Энциклопедиясы"
Дереккөздер
Санат:Торғайтәрізділер