Шатыркөл мыс кен орны - Жамбыл облысындағы кен орны. 1949 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы Кен аумағында каледон, герцин интрузиялары дамыған. Кентас өрісі өте ұсақ қатпаршаларға жиырыла жарықтармен тілкемденіп, уатылған тау жыныстары ығысып орын ауыстырған күмбез пішінді қатпарда орналасқан. Кеннің қалыптасуына себепші болған, көбінесе ендік бағытта созылған жарықтар шығыс және солтүстік-шығысқа қарай 40-90° бұрышпен еңістенген.

Жатыс сипаты Кентасты белдемдер гидротермалдық өзгерістерге шалынған биотитті граниттерде, өндірістік кендер Негізгі және Батыс аталатын кентасты белдемдерде орналасқан. Қалыңдығы 1-7 м, жүздеген м тереңдікке кеткен кен денелері кварцты-карбонатты тау жыныстарынан, минералданған граниттен тұрады. Тотығу белдемінің тереңдігі 20-50 м.

Минералдары, құрамы Басты кентас минералдарына: халькопирит, молибденит, пирит, магнетит, т.б. жатады. Пайдалы құраушылары: мыс және молибден. Кентас жақсы байытылады. Тотыққан кентастан мыс, сульфитті кендерден жекеленген мыс пен молибден концентраттарын алуға болады. Шатыркөл мыс кен орны ірі кен орындарының қатарына жатады. Қазақ энциклопедиясы, 9 том.

Дереккөздер

Санат:Жамбыл облысы кен орындары