Беларус Кеңестік Социалистік Республикасы (БКСР, Беларус КСР, ) немесе Беларуссия — КСРО құрамындағы болған кеңестік республика, оның құруына қатысқан 4 республикалардың бірі. 1920 жылы құрылып, 1991 жылы КСРО-мен бірге жойылды. Республиканы КОКП-ның Беларуссия Коммунистік партиясы атты бөлімше партиясы басқарды.
Беларуссия Социалистік Кеңестік Республикасын (КСРБ) большевиктер 1919 жылы 1 қаңтарда Беларусь Демократиялық Республикасы 1918 жылы наурызда тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жариялады. 1922 жылы БССР Украин КСР, Күнгей Кавказ СФКР және РКФСР-мен бірге Кеңес Одағының негізін қалады. Беларуссия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германия басып алған бірнеше кеңестік республикалардың бірі болды.
Жері 207,6 мың км². Халқы 1970 жылы 9 миллионға жеткен. Астанасы – Минск. Әкімшілік жағынан 6 облысқа, 117 ауданға бөлінеді, 81 қаласы, 123 қ.т. поселкесі бар.“Қазақ Совет Энциклопедиясы”, ІІ том
Мемлекеттік құрылысы БССР-дің Советтерінің Төтенше 12-съезінде, 1937 жылы 19 ақпанда бекітілген: «БССР — жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті, КСРО құрамына кіретін одақтас социалистік республика. Ең жоғары мемлекет үкімет органы – БССР-дің бір палаталы Жоғары Кеңесі, ол 4 жылға (20 мың адамнан бір депутат) сайланады. Жоғары Советінің сессиялары аралығында мемлекет өкіметінің жоғары органы – БССР Жоғары Советінің Президиумы. Жоғары Совет республиканың үкіметін – Министр Кеңесін құрады, БССР-дің заңдарын шығарады. Облыс, аудан, қала, поселке мен селолардағы жергілікті үкімет органдары 2 жылға сайланатын еңбекшілер депутаттарының тиісті Советтері болып есептеледі. БССР-дің ең жоғары сот органы – республиканың Жоғарғы соты (оны БССР Жоғары Советі 5 жылға сайлайды), ол азаматтық және қылмысты істер жөніндегі 2 коллегиядан, Пленумнан құралады. Сонымен қатар Жоғарғы сот Президиумы бар. БССР-дің прокурорын 5 жылға тағайындайды.
Табиғаты thumb|350px|Полесье батпақты ойпаты Беларус Шығыс Еуропа жазығының батысында орналасқан. Жерінің 3-5 бөлігі теңіз деңгейінен 100–200 метр ғана жоғары. Сондықтан мұнда батпақ жиі кездеседі. Беларустың жер бедеріне антронопогендік мұз басу үлкен әсер еткен. Солтүстік-батысын соңғы (валдай) мұз басу дәуірінен қалған мореналық Балтық қырқасының кейбір сілемдері алып жатса, республиканың батысынан шығысына қарай Беларус қырқасы созылып жатыр. Осы екі қырқаның аралығында Неман, Нарочано-Вилей, Полоцк батпақты ойпаттары, ал Беларустың шығысында Орша-Могилёв, Орталық Березина жазықтары, оңтүстік бөлігінде Полесье батпақты ойпаты жатыр.
Беларуссияның ең биік жері — Минск маңындағы Дзержинск тауы (теңіз деңгейінен 345 м). Беларус жері Шығыс Еуропа платформасының батыс бөлігінде. Сонымен бірге республика жеріне оңтүстігінен Украин қалқаны, шығысынан Воронеж антеклизасы енеді. Бұлардың кристалды фундаменті республиканың оңтүстігінде ғана жер бетіне шығып жатады, көп жерде 20–100 метр, ал кейде 1000–5000 метр тереңдікте байқалады. Оның құрамында төменгі протерозой мен архей жыныстары, 1000–5000 метр тереңдіктегі шөгінді қабаттарда терригендік және карбонатты жыныстар кездеседі. Беларустың жер қойнауы алуан түрлі пайдалы қазындыға бай. 1941 жылы Старобинск пен Мозырьдан тас тұзының, 1949 жылы Старобинск және Петриков қалалары маңынан калий тұздарының (сильвинит, карналлит), 1964–1968 жылдары оңтүстігіндегі Припять ойпатынан (Речица, Осташкович т.б.) мұңайдың, Гомель, Брест облыстарында қоңыр және тас көмірдің, жаңғыш тақта тастың кендері ашылды. Сонымен қатар әр түрлі құрылыс материалдары, шымтезек шығатын жерлер де бар.
Климаты Климаты қоңыржай континенттік. Оған Атлант мұхитынан келетін ауа массалары үлкен әсер етеді. Сондықтан қысы онша суық емес, ылғалды; жазы салқын, жаңбырлы. Қаңтардың орташа температурасы оңтүстік-батысында -4,4°С, солтүстік-шығысында -8°С, ал шілдеде солтүстігінде 17°С, оңтүстігінде 18,8°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 550–700 мм. Оның көбі жазда жауады. Вегетация дәуірі 178–208 күн. Бұл дәнді дақылдармен бірге кейбір техникалық дақылдардың да өсіп жетілуіне жеткілікті.
thumb|350px|Днепр өзені
Өзендері Өзендері Қара теңіз бен Балтық теңізі алабына жатады. Өзендерінің жалпы ұзындығы 51 мың км, ал өзен торының жиілігі 0,20–0,28 км/км². Басты өзендері: Днепр (салалары – Припять, Сож, Березина), Батыс Двина, Неман (саласы - Вилия). Олар көбінесе жол қатынасы ретінде (3 900 км) және ағаш ағызу үшін пайдаланылады. Кеме жүзуге жарамды өзендері: Днепр, Березина, Неман. Оңтүстік-батысында кеме жүзетін Днепр-Буг каналы бар. Беларусда 10700-ден астам көл бар (өзеннің ескі арналарындағы қара суларды қосқанда). Көлемді және терең көлдері солтүстігінде (Нарочь, 79,6 км²; Освея, 52,8 км² т.б.). Орталық бөлігі мен оңтүстігіндегі көлдер өзендердің ескі арналарында пайда болған, олардың ірілері: Червоное (43,6 км²), Выгоновск (26,0 км²).
Жер топырағы Беларусда күлгін шым топырақты жерлер көп (жерінің 60%-ы). Батысында орманды жердің глейлі күлгіндеу және құба топырағы, ойпаттарда (әсіресе Полесьеде) батпақты жердің күлгін шым топырағы, ал ірі өзен аңғарларында шалғынды жердің аллювиалдық топырағы жиі кездеседі. Республика жерінің 0,5%-ы ғана (Столин, Житковичи, Мстиславль аудандарында) шіріндісі мол, шым карбонатты құнарлы топырақты. Беларустың ⅓ бөлігі батпақ (негізінен оңтүстігінде). 1969 жылы құрғату жүйелері салынған жері 1472 мың га болды. Беларус аралас орманды аймақта. Жерінің 33%-ы орман, оның 66%-ы қылқан жапырақты (қарағай, шырша), 5%-ы жалпақ жапырақты (емен, үйеңкі, шаған, т.б.) орман. Беларустың солтүстігінде жалпақ жапырақты, шыршалы орман, орталығында қарағай, емен, ал оңтүстігі мен батпақты Полесьеде көбінесе қарағай ормандары өседі. Ормансыз жерлері – шалғын, жайылым. Орманда және батпақты жазық жерлерінде елік, тиін, түлкі, қоян, суын, жанат тәрізді уссури иті, американ жанаты, қабан т.б. аңдар кездеседі. Беларусда жануарлардың кейбір түрлерін сақтау үшін құрылған Березина қорығы мен Беловеж орманы бар.
Халқы 1959 жылғы санақ бойынша халқының 6532 мыңы беларустар (бұл бүкіл Кеңес Одағындағы беларустарының 82,5%-ы). Қалғандары орыстар (659 мың), поляктар (539 мың), еврейлер (150 мың), украиндар (133 мың). Бұлардан басқа татарлар, литвалар, латыштар бар.
Халықтың орташа тығыздығы 1км-ге шаққанда 43,4 адамнан келеді. Бірақ барлық жерде халық біркелкі орналаспаған, 1км²-ге шаққанда орталық бөлігіндегі Минск облысында 60,2 Гродно облысында 44,8 адам болса, Полесьеде 25 адамнан келеді. Халқының 43%-ы қалада тұрады. Ірі қалалары (1970): Минск (916 мың), Гомель (272 мың), Витебск (231 мың), Могилёв (202 мың), Гродно (192 мың).
Тарихы Ежелгі Беларусь Беларусь жеріндегі адамның алғашқы іздері орта палеолитке, мустье заманына жатады. Мұнда мезолит, неолит замандары мен қола дәуірінің жүздеген мекен-жайлары табылған. Палеолит, мезолит, неолит заманында адамдар жеміс-жидек теруді, аң және балық аулауды кәсіп еткен. Неолит заманында егіншілік пен мал шаруашылығы пайда болып, қола дәуірінде (б.з.б. 3–2 мың жылдықтарда) бұлар адамның негізгі кәсібіне айналған. Бұрынғыдан анағұрлым жетілдірген тас құралдарымен қатар қоладан жасалған бұйымдар да пайда болды, бұлар шеттен әкелінген шикі заттан жасалған. Б.з.б. VII ғасыр шамасында Беларус жеріндегі тайпалар еңбекке темір құралдарды жасап, бекіністі елді мекендер сала бастайды. Б.з.б. VII ғасырдан бастап Днепр бойы мен Полесьені милоград мәдениетінің б.з.б. І ғасырдан бастап зарубинец мәдениетінің тайпалары мекендеген. Ертедегі темір дәуірінде орталық және солтүстік Беларусты балтық тілдес бір топ тайпалар жайлаған. Б.з. ІІ–V ғасырда бұл жерлерге Днепр бойынан бірте-бірте славяндар өте бастайды да, ІХ ғасырда балтық тайпалары соларға сіңісіп кетеді. VI–IX ғасырда Беларус жерінде славяндардың ертедегі орта ғасырлық негізгі үш мәдениеті – Полесье – хотомель, Днепр бойында – быхов, Орта және Солтүстік Беларуста Бандеровщина тұрпаттас мәдениеттер қалыптасты (бәрі де аттас ауылдардың атымен аталған). Б.з. 1-мың жылдығының 2-жартысында Беларус жерінде алғашқы қаумдық қатынастар ыдырай бастады. Осы кезеңде мұнда ірі-ірі 3 тайпа бірлестігі қалыптасты: Полесье мен Орта Беларустың дреговичтер, Сож өзені алабын радимичтер, Двина бойы мен Днепрдің жоғарғы бойын крививчтер мекендеді.Исаенко В.Ф., Археологическая карта Беларуссии. Каменный век, Минск, 1968
VI–IX ғасырда Беларус жеріндегі славян тайпаларының әлеуметтік экономикалық эволюциясы жеделдей түсті. Ауыл шаруашылық пен қолөнер кәсібінің дамуы нәтижесінде сауда-саттық кеңейіп, қалалар пайда бола бастады. IX–XI ғасырда орыс мемлекетінің батыс жерлерінде егіншілік кәсібі кеңінен тарап, мал шаруашылығы дамыды. Шаруалардың феодалдарға тәуелділігі арта берді, кедейлер барщиналық жұмыс істеп, феодалдарға заттай алым төледі. Қалалар мен аулда тауарлы сипаттағы қолөнер кәсібі өркендеді.
ХІІІ–ХVІІІ ғасыр ХІІІ–ХIV ғасырда Беларус жерінде халық саны едәуір өсіп, өңделетін жердің көлемі артты. Жер жыртудың негізгі құралы темір тілді ағаш соқа болды. Селода қолөнершілер көбейіп, қалалы мекендер өсті. ХІІІ ғасырда және одан кейін Беларус жерінде 3–5 үйден («түтіннен») тұратын жанұялық қаумның жер иеленуі сақталды. Мұнымен бірге Ұлы Литва князьдары Беларус жерлерін феодалдарға, әсіресе қызмет бабындағы шляхтағы үлестіріп беруді күшейтті. XV–XVI ғасырда шаруалардың қаумдық жерлерін талан-таражға салу және ұлы князьдардың жерлерін басып алу есебінен феодалдардың меншігі кеңейе түсті.
thumb|350px|Могилёв қаласы, 1900 жылы
Фольварлық-барщиналық шаруашылықтың етек жаюы мен шляхтаның артылықшылықтары Беларустың экономикалық дамуына бөгет болды. Соның өзінде де қалалар өсіп, көптеген қалалы мекендер пайда болды. Қолөнер өндірісі алуан салаға бөлініп, оның тауарлығы артты. Сауда көлемі ұлғайды. Беларус қалаларының дамуында орыс-Беларус сауда қатынастарының зор маңызы болды. Беларус көпестері Ресей мен Батыс Еуропа зор көлемді делдалдық сауда жүргізді. Беларус қалаларының экономикалық маңызының артуы нәтижесінде XIV ғасырдың аяқ шегінен бастап-ақ олардың кейбіреулері (Брест, Гродно, Полоцк, Минск, Могилёв, Витебск т.б.) ұлы князьдық өкіметтен өзін-өзі билеу құқығын алды. XV–XVI ғасырдың аяғында қолөнер кәсібін цех-цехқа бөліп ұйымдастыру қалыптасты. Қала халқының бай тобы мен оның негізгі бұқарасы арасындағы мал-мүлік және әлеуметтік теңсіздік күшейе түсті. Ұлы Литва князьдығының феодалдары өз үстемдігін нығайту үшін поляк феодалдарымен одақтасуға тырысты. Литван, Беларус және украин шляхтасы поляк шляхтасы сияқты кең саяси құқық алуға ұмтылды. Литва мемлекетінің Ливон соғысында (1558–1583) Ресейден соққы жеуі жергілікті шонжарларды Польшамен бірігуге мәжбүр етті. 1569 жылғы Люблин униясы бойынша бір тұтас Речь Посполитая мемлекеті құрылды. Мұның өзі поляк шонжарларының украин жерлерін басып алуына жағдай тұғызды. Феодал және ұлттық-діни езгінің күшеюі халық бұқарасының наразылығын өршітті.